Биыл қазақстандықтардың тікелей дауыс беру арқылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Республика Конституциясына сегіз жыл толады.
Республика Конституциясының қабылданған күні барлық Қазақстан халқы мерекелейтін жалпымемлекеттік мейрам. Бұл күні ел азаматтарының мерейі конституциялық дәреженің жаңа сатысына көтерілген болатын. Бұндай тәжірибе, яғни халық пен оның жекелеген мүшелері үшін өте маңызды заң құжатын олардың тікелей қатысуымен қабылдау Қазақстан тарихында алғаш рет жүзеге асырылды. Оған дейінгі Конституциялар болса, өкілді органдар арқылы қабылданған болатын. Осы Конституцияны қабылдай отырып еліміздің халқы өзінің және келер ұрпақтың болашақтарын айқын белгілеп алған еді. Еліміздің Атазаңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциямызда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендіру мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етулері үшін жағдайлар жасайды. Ең жоғары заңдық күші бар Қазақстан Конституциясы, Республикадағы қолданылатын және қалыптасып жатқан құқық жүйесінің нормативтік бастауы бола тұра, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың маңызды жақтарын реттейді. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен мақұлданған "Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында” 1995 жылғы Конституцияның негізінде жаңа конституциялық құқық түзілді делінген. Оған дәлел ретінде соңғы уақыттағы Республикамыз қол жеткізіп жатқан жетістіктерді мақтанышпен көрсете аламыз.